Қоғам

21 жастағы Нұрайдың өлімі: Полицейлерге қылмыстық іс қозғалды

Жәбірленуші өтініш білдірген кезде өтінішті тіркемеген қызметкерлерге қатысты іс тергеліп жатыр.

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сенат дәлізінде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды  KYN.KZ  тілшісі.

"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Іс қылмыстық істі тіркеу және күдіктіні қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылдамаған қызметкерлерге қатысты", – деді ол.

Санжар Әділовтың айтуынша, бірінші кезекте аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғалары жауапты. Сондай-ақ, тергеу аясында қалалық Полиция департаментінің басшылығына құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты қайғылы оқиғаға назар аударған болатын. Президенттің сөзінше, осы оқиға бойынша 130-дан аса өтініш келіп түскен.

"Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды.

Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді", - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбеков жұмысынан босатылғаны белгілі болды.

Айта кетейік, 11 қаңтар Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы студент Нұрай қаза тапты. Полиция адам өлтіру дерегін растады және қылмыстық іс қозғады. Күдікті - марқұмның танысы, ол ұсталды.