Денсаулық

Жамбыл облысында оқу-жаттығу жиынынан кейін 22 оқушы ауруханаға түсіп қалды

Қызылорданан Меркі ауданына жарысқа келген 22 оқушы ауруханаға түсті.

Қызылорда облысынан Меркі ауданына келген 22 оқушы күрестен өткен оқу-жаттығу жиындарынан кейін ауруханаға түсті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

21 қаңтар күні шамамен сағат 22:40-та «Тұран» демалыс аймағынан Меркі аудандық ауруханасына 12–17 жас аралығындағы 22 жасөспірім жеткізілді. Барлығына алдын ала «гастроэнтерит» — асқазан мен ішектің қабынуы диагнозы қойылды. Қазіргі таңда ауруханада және тағам өнімдерінен зертханалық сынамалар алынған, талдау нәтижелері күтілуде. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Салемов оқиға орнына барып, жедел штабтың отырысын өткізді.

«Ауруханаға жатқызылған барлық жасөспірім дәрігерлердің бақылауында. Олардың жағдайы жеңіл деп бағаланып отыр, жалпы хал-жағдайы қанағаттанарлық», — деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігі.

Лагерьде барлығы 103 бала және 13 жаттықтырушы болған. Қалған балалар тексерістен өткізілді, олардан ауру белгілері анықталған жоқ.