Басты жаңалықтар

Ешкім жүктемеген: қазақ тілін үйренуге арналған ойынға бюджеттен 242 миллион теңге жұмсалған

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйретуге арналған ойынға кеткен шығынға қатысты түсініктеме берді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider ойынына жұмсалған 241,8 миллион теңгеге қатысты сынға жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақ тілін үйретуге арналған компьютерлік ойын әзірленген 2025 жылы дайындалған болатын. Steppe Rider жобасы желтоқсан айында Steam платформасында жарық көрді. Мемлекеттік сатып алу сомасы шамамен 242 миллион теңгені құраған. Алайда желі қолданушылары ойынның сапасы өте нашар екенін айтып жобаны айтуда.

Брифинг барысында журналистер жобаға кеткен шығынға қатысты және ойын туралы сұрақ қойды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жауап берді. Айтуынша, ойын қазақ тілін бастапқы деңгейде меңгеруге арналған оқу өнімі ретінде жасалған.

"Иә, біз Steppe Rider компьютерлік ойынын әзірледік. Бұл – тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде жасалған алғашқы отандық оқыту ойыны. Ойын қазақ тілін A1 және A2 деңгейлерінде оқытуға бағытталған. Бұл – халықаралық формат, мұндай жобалар көптеген елде бар. Осындай ойындардың нарықтағы құны бір платформа үшін 1 мың доллардан 300 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Ал біздің ойын үш платформадан тұрады", – деді ол.

Министрлік өкілі жобаның әлі де жетілдірілетінін айтып, болашағы бар ойын екенін алға  тартты.

"Бұл – қазақ тілін ойын арқылы үйренуге мүмкіндік беретін болашағы бар жоба. 2026 жылы ойын жаңартылады. Бұл – әлемде кең таралған ойын форматы. Біз оның қазақ тілінің сұранысқа ие, беделді тіл ретіндегі мәртебесін арттыруға мүмкіндік беретініне сенеміз. Ойын үнемі жаңартылып отырады", – деді Ербол Тілешов.

Министрлік ерекше атап өткендей, 30-дан астам маман 2025 жылдың сәуір айының соңында – мамырдың басында жұмысқа кірісіп, жобаны жеті айда аяқтаған. Әдетте мұндай ойындарды әзірлеу кемінде екі жылға созылады.