Қоғам

«Телефонын тартып алып, басына қап кигізген»: Ресейде полицейлер қазақстандықты үш күн азаптап, ұрып-соққан

Мәскеуге кеткен оралдық азаматты полицейлер ұстап әкетіп, оны қинап арнайы әскерге күштеп жібермек болған.

Мәскеуде полиция Орал қаласының тұрғынын үш күн бойы ұрып-соғып, арнайы әскери операцияға баруға мәжбүрлемек болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Маруа Ескендірова әлеуметтік желіде ағасы Жазылбек Ажғалиевтің Мәскеуде жоғалып кеткенін хабарлаған. Оның айтуынша, желтоқсан айының басында Жазылбек ағасы Батырбекпен бірге Ресейге жұмыс іздеп барған. Оның үш баласы, басында екі несиесі болыпты.

Жазылбек «Три сестры» клиникасына медбике болып жұмысқа орналасып, тіркеуге құжат тапсырған.

2026 жылдың 18 қаңтарында оған Сахароводағы көші-қон орталығынан қоңырау шалып, құжаттары дайын екенін, келіп алып кету керектігін айтқан.

19 қаңтар күні таңғы сағат 6:00-де ол өз нөмірінен такси шақырып, Сахаровоға жол тартқан. Сол кеткеннен қайта оралмаған. Бір сағаттан кейін оның телефоны өшіп, қайта қосылмаған. Қай таксиге отырғаны белгісіз.

Сол күні, 19 қаңтар кешке қарай, Батырбек полицияға ағасының жоғалғаны туралы арыз жазған. Полициядағылар үш тәулік өткен соң ғана іздейміз деп жауап берген. Қарындасы да Орал қаласына жағдайды түсіндіріп, полицияға арыз жазған. Сол жерде Мәскеу ІІМ-інен Жазылбектің жоғалғаны туралы бағдарлама келгенін айтқан.

Жазылбек 22 қаңтар күні таңғы ерте уақытта туыстарына өзі хабарласқан. Ол Алматыда, әуежайда болған. Қарындасы оның қатты күйзелісте екенін айтады.

«19 қаңтар күні таңертең ол көші-қон орталығына барған. Онда «бес минут күтіңіз» деген. Сол сәтте оған ресейлік полицейлер жүгіріп келіп, орталықтың есігінен алып кеткен. Электрошокермен есеңгіретіп, телефонын тартып алған, басына қап кигізген. Бөлімшеге апарып, аяусыз ұрған. Үш тәулік бойы сабап, электрошокермен азаптаған. Осы уақыт ішінде әскери комиссариаттың қызметкерлері үш рет келіп, Жазылбекті арнайы әскери операцияға келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол бас тартқан. Қазақстанға депортациялауды талап еткен. 21 қаңтар түні Жазылбекті елге депортациялаған — оны Алматыға ұшатын ұшаққа отырғызған», - дейді Маруа Ескендірова.