Медициналық сақтандыру саласындағы ауқымды алаяқтық үшін үкім шығарылды
2026 жылғы 21 қаңтарда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алаяқтық жасады деп айыпталған Н. және А. азаматтарына қатысты айыптау үкімін жариялады.
Олар алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, аса ірі мөлшерде, сондай-ақ қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін алдау жолымен иемдену қылмысын жасаған деп танылды (ҚК 190-б. 4-б. 2-т. және 190-б. 3-б. 1-т.).
Істің мән-жайы
Сотпен анықталғандай, Н. «ЖШС» медициналық ұйымының құрылтайшысы бола отырып, 2023 жылғы сәуір мен шілде айлары аралығында Медициналық сақтандыру қорының ақшалай қаражатын жымқыру мақсатында азаматтарды өзінің медициналық ұйымына жалған тіркеудің заңсыз тәсілін ұйымдастырған.
Қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін Н. «Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының» Астана қаласының бөлімшесінің маманы А.-ға ақшалай сыйақы үшін азаматтарды тіркеу бойынша жалған өтініштерді заңсыз мақұлдап, бекітуді ұсынған.
А. бұл ұсынысқа келісіп, өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жалған өтініштерді бекіткен.
Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде «ЖШС» медициналық ұйымына 15 мыңнан астам азамат жалған түрде тіркеліп, бұл Медициналық сақтандыру қорының қаражатын заңсыз алуға әкеп соққан. Мамандардың қорытындысына сәйкес, Қорға шамамен 80 млн теңге көлемінде аса ірі мөлшерде залал келтірілген, оның ішінде 7,5 млн теңге А.-ның тікелей әрекеттерінен келтірілген материалдық залалды құрайды. Заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражат Н. мен А. арасында бөлінген.
Тараптардың ұстанымдары
Прокурор Н.-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру, ал А.-ға 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушылар кінәларын толық мойындады, қорғау тарапы шартты жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылардың кінәсі өздерінің мойындау көрсетулерімен, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ маманның қорытындысымен дәлелденді.
Сот үкімі
ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі бойынша санкция – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі бойынша санкция – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сот жеңілдететін мән-жайлар ретінде кәмелетке толмаған балаларының болуын, кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді және бұрын сотталмағанын таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасалған қылмыстың сипаты мен ауырлығын, сондай-ақ аса ірі мөлшердегі залалдың өтелмегенін ескере отырып, сот Н.-ға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
А.-ға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, амнистия туралы заң негізінде жаза мерзімі 1/5-ке қысқартылып, түпкілікті түрде орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айыру болып өтеуге сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.