Қоғам

Эльвира Азимова: «Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр»

Эльвира Азимова: Конституциялық реформа қоғамның барлық саласында кең талқылауға ие болды.

2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында 

жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады. 

Мемлекет басшысы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. 

Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады.

Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады.

Барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар, сондай-ақ заңгерлер мен сарапшылар өз бастамаларын жолдады. 

Сол себепті Конституциялық комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастырған жөн.

Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мәслихат төрағалары, БАҚ басшылары, қоғамдық белсенділер, мемлекеттік органдар мен өңірлік қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастықтар енді. Бұл қоғамдық көзқарастардың, тәжірибе мен сұраныстың әралуандығын көрсетеді.

Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр – бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты өз ұстанымымызды лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету. 

Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз, отансүйгіштік және салмақты ұстанымдарыңыз барлық ұсыныстарды жан-жақты қарастыруға, оларды жүйелеп қорытуға, еліміздің дамуына қуатты серпін бере алатын нақты әрі сараланған өзгерістер жобасын әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.