Саясат

Үнзила Шапақ Конституция преамбуласын жаңғыртуды ұсынды

Конституция преамбуласын жаңарту тек редакциялық түзету емес – Үнзила Шапақ

Конституциялық реформаның аясында Ата заңның преамбуласын жаңғырту, оның мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ көтерді. Бұл ұсынысын ол Конституциялық комиссияның отырысында білдіріп, өз ойымен бөлісті.

Халық қалаулысының пікірінше, Конституция преамбуласын жаңарту тек редакциялық түзету емес. Мұндай өзгеріс – ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам.

«Мемлекет басшысы да преамбулада ұлттық құндылықтарды негізге алу қажеттігін нақты атап өтті. Қазақ даласынан бастау алатын өркениет пен мемлекеттілік дәстүрінің сабақтастығын айқын көрсету, Қазақстанның Ұлы даладағы тарихи мемлекеттердің мұрагері екенін нақты бейнелеу маңыздылығына ерекше мән берді. Сондықтан Конституциялық реформа аясында келіп түскен барлық ұсыныстарға үстірт емес, байыппен, терең көзқараспен қарау – ортақ міндетіміз», – деді Комиссия мүшесі өз сөзінде.

Конституцияның преамбуласы – Негізгі Заңның идеялық әрі моральдық іргетасы және Конституцияны қабылдаудағы түпкі мақсаттарды айқындайды, елдің тарихи-мәдени болмысын, ұлттық келбетін танытады. Осыған байланысты Үнзила Шапақ өзгерістерге қатысты өз пікірі мен ойын айтты.

«Ендігі біз ұсынатын преамбула мәтінінде бірнеше іргелі бағыт айқын көрініс табуы тиіс. Ең әуелі, Қазақстан өзін біртұтас ұлт ретінде танытуы қажет. Бұл – ұлттық бірегейлікті күшейтетін, барша қазақстандықты ортақ мақсат пен ортақ жауапкершілікке ұйыстыратын басты ұстаным. Преамбулада мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастықты сақтау мәселесіне ерекше мән берілуі тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда бұл қағидаттар ел егемендігін нығайтатын шешуші факторлар болып табылады», – деді депутат.

Сондай-ақ, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен Тәртіп» қағидатын преамбула деңгейінде бекіту, Үнзила Шапақтың айтуынша, мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды.

«Бүгін біз Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан «Табиғатты аялау, экологиямызды сақтау» идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуы тиіс. Мәдениет – Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады. Сондықтан мәдениеттің және рухани құндылықтардың рөлі Конституцияда айқын көрініс табуы тиіс. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады. Мәдениетті Конституциялық деңгейде бекіту арқылы біз Әділетті Қазақстанның тек құқықтық емес, өркениеттік мемлекет екенін нақтылаймыз. Сонымен бірге, мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге, инновацияға, табиғатты аялауға, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікке мән берілуі Конституцияны тек құқықтық емес, өркениеттік құжат деңгейіне көтереді. Бұл – мемлекет пен халық арасындағы жария қоғамдық келісімнің айқын көрінісі», – деді ол.