Қазақстан әскері тағы қара жамылды: Өскеменде үйіне сәуір айында қайтқалы отырған сарбаз табытпен келді
Алдын ала болжам бойынша сарбаз кезекшілікте өз атына алынған қарудан жарақат алып, мерт болған
Өскемендегі әскери бөлімде сарбаздың мерт болғаны нақтыланды. ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері баспасөз қызметі оқиғаның қайда, қашан, неден болғанына ресми ақпарат берді, деп жазды KYN.KZ тілшісі.
"23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды.
Әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын объективті және жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен комиссия жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетіледі",- делінген ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің ресми ақпаратында.