Спорт

Серік Сәпиев орынбасарымен болған төбелеске қатысты мәлімдеме жасады

Серік Сәпиев орынбасырмен болған кикілжіңнің не себепті туындағанын айтты.

Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасары Дәурен Есімхановпен болған төбелеске қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Спорт саласының басшысы өзіне қолдау білдіріп, жағдайына алаңдаған көпшілікке алғысын білдірді.

«Ең алдымен, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Халықтың қолдауы – мен үшін ең үлкен құндылық.
Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес», - дейді ол.

Айтуынша, спорт саласына қатысты заңсыз әрекеттер болған.

«Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді.
Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды», - деп айтты Серік Сәпиев.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде Қарағанды облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені туралы  ақпарат тараған болатын. Артынша екеуінің арасындағы кикілжіңнің видеосы да пайда болды.