«Жоғары температура, бас ауруы»: Денсаулық сақтау министрлігі Нипах вирусына қатысты мәлімдеме жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:48
- 35
Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті Нипах вирусына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Қазақстандағы барлық өткізу пунктінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы министрлік Telegram-дағы арнасында жариялады. Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, сондай-ақ оны ел аумағына әкелу жағдайлары тіркелмеген. Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда.
"Сонымен қатар профилактика мақсатында және Үндістандағы Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пунктінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті. Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізбесі тұрақты негізде қайта қаралады және жаңартылады", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, медициналық ұйымдар дайындыққа келтірілген.
"Шұғыл медициналық көмек және инфекциялық стационарлар бригадаларының дайындығы қамтамасыз етілді, дәрілік заттардың, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау құралдарының азайтылмайтын қорлары қалыптастырылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтауды және қайтып келгеннен кейін ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге болған елі туралы хабарлай отырып, дереу медициналық көмекке жүгінуді ұсынады.



