Үндістанның IndiGo әуе компаниясы Алматыға рейстерін тоқтатты: қазақстандық туристер Мумбай әуежайында қалып қойды
Үндістанда Алматыға ұшатын ұшақ рейсі тоқтатылып, бір топ қазақстандық Мумбай әуежайында қалуға мәжбүр.
Үндістанның IndiGo әуе компаниясы бірнеше халықаралық рейсті, соның ішінде Алматыға ұшатын бағыттарды уақытша тоқтатты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл шешім Иран әуе кеңістігіндегі қауіпті жағдайларға байланысты қабылданған.
Әуе компанияның X желісіндегі хабарламасына сүйенсек, 26, 27 және 28 қаңтарға жоспарланған рейстер тоқтатылған.
Мумбай әуежайында қалып қойған қазақстандық туристер елге қайта алмай, әуежайдың транзиттік аймағында қалып қойған. Туристер IndiGO әуе компаниясының Пхукет – Мумбай – Алматы бағыты бойынша ұшқан. Мумбайға келгенде ұшақ тоқтатылғаны белгілі болған.
Жолаушылар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. IndiGO компаниясы Мумбайдан ұшатын рейстердің тоқтатылатына қарамастан оларды Пхукеттен ұшаққа отырғызған.
IndiGo өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі жағдайға байланысты кейбір рейстердің ұшу уақыты ұзаруы немесе қосымша тоқтатылуы мүмкін.