4 жасар баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрған: әйел қамауға алынды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:39
- 41
Баласын жылу батареясына байлап, аяусыз ұрған әйелге қатысты сот оны қамауға алуға шешім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаменті мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, өз баласын ұрды деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігі — «Азаптау» бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған баптың санкциясы төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Тергеу кезеңінде сот күдіктіні қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
«Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары, оның ішінде сот-психиатриялық сараптама тағайындалды. Сарапшылардың қорытындысы әзірге дайын емес. Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Процестік шешім сараптама қорытындылары алынғаннан кейін және тергеу әрекеттері аяқталған соң қабылданады», — деді Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев.
Айта кетсек, 4 жасар баланы азаптау дерегі Жетісу облысы Панфилов ауданы Нұркент кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. Балаға көрсетілген зорлық-зомбылық сәті видеоға түсіріліп, кейін әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда үлкен резонанс тудырды.



