«Жасөспірімдер бұрын бірге оқыған»: Екібастұзда 11-сынып оқушысы мен колледжде оқитын қыз өзіне қол жұмсады
Екібастұзда жасөспірімдер араға екі күн салып суицид жасаған.
Екібастұзда 11-сынып оқушысы мен колледжде білім алатын қыз өз-өзіне қол жұмсады. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімдердің суицидке баруына не түрткі болғаны анықталып жатыр. Марқұмдардың бір-бірімен бұрыннан таныс болғаны белгілі болды.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сауле Шакеневаның айтуынша, жасөспірімдер 2008 жылы туған, әлеуметтік жағдайы жақсы, толық отбасыларда тәрбиеленген. Ұл бала Екібастұздағы мектептердің бірінде 11-сыныпта оқыған, ал қыз жергілікті колледждің бірінші курс студенті болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жасөспірімдер өз үйлерінде қол салған. Оларды жақын туыстары тауып алған. Уәкілдің сөзінше, жасөспірімдер бұрын бір сыныпта оқып, достық қарым-қатынаста болған. Оқу орындарында буллинг фактілері тіркелмеген, сондай-ақ олар психолог мамандардың бақылауында болмаған және арнайы есепте тұрмаған.