Басты жаңалықтар

«Менің балам қысымға түскен»: Өскеменде қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының өзін-өзі атып өлтірді дегеніне сенбейді

Түркістан облысында әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы ұлының соңғы кезде ақша сұрап хабарласқанын айтады.

Түркістан облысында әскерге кеткен тағы бір сарбаз табытпен оралды. Қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы ұлының күн сайын ақша сұрап хабарласқанын айтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұм сарбаздың анасы 20 жастағы ұлының қысым көріп ажал құшқанына сенімді. Ал мәйітті алып келген командирлер Қазыбек Оспановтың өзін-өзі атып өлтіргенін айтқан.

Оспановтар әулеті үш күннен бері қара жамылып отыр. 3 айдан кейін әскерден келеді деп күткен ұлдары күні кеше туған үйіне табытпен оралған. Етегі жасқа толған ана перзентінің өзін-өзі атып өлтірді дегеніне сенбейді. Сөзінше 20 жастағы жігіт бөлімшеге барғалы жақындарынан қаржы сұрап келген. Қарыздың бәрін әскерден келген соң қайтарамын деп уәде беріпті.

“Балам қиналып кетті. Мен білмеймін. Бірақ сыныптастарынан, алдында істеп кеткен жұмысшыларынан – барлығынан ақша сұрапты балам байғұс. Менің жағдайымды ойлап, маған ешнәрсе айтпапты. Баламды тауып берсін. Балам қыршындай кетті ғой. Күнде қоңырау шалып ақша сұрапты. Ақша бер. Ақша бер деп. Менің балам қысымға түскен”, – дейді марқұмның анасы Майра.

Марқұм әскерге өз еркімен кетпеген дейді жақындары. Көзі нашар көретін жігіттің диагнозы да болған екен. Осыған қарамастан алдымен былтыр қыркүйекте мәжбүрлі түрде алып кетіп, жарты жолда денсаулығының ерекшелігін байқап баланы үйіне жіберіпті. Сөйтіп сәуір айында күзетші болып тұрған жерінен қайтадан күштеп жөнелтті дейді жақындары.

Ал қорғаныс министрлігі Қазыбектің әскерге өзі сұранып барғанын алға тартады.

“Әскери қызметкер әскерге өткен жылы сәуір айында шақырылған. Аталған жайт бойынша Ішкі істер министрлігі өңірлік тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”, – деді құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев.

Марқұмның жақындары Қазыбектің өлімінде жұмбақ көп дейді. Қарауылдауға барған сарбаздың қызмет барысы камераға түсіп қалған екен. Бірақ неге екені белгісіз дәл басына оқ атылған сәті жоқ дейді. Қала берді сот медицина сараптамасында бас ми жарақатынан ажал құшқаны жазылғанымен мөр қойылмаған екен. Қара жамылған отбасы түсініксіз тұстардың көп күмән туғызғанын айтады.