Қоғам

«Ол бұзылған, енді ешкім алмайды»: Шымкентте ата-ана 17 жастағы қызын алып қашқан жігіттің жазаланбағанын айтып, шағымданды

Шымкентте 17 жастағы қызды алып қашқан 20-дағы жігіт жазасыз қалған.

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қыздарын алып қашып кеткен тағы бір отбасы полицейлердің әрекетсіздігі мен істің жылы жабылып қалғанын айтып шағымданды. Айтуларынша, кәмелетке толмаған 16 жастағы қыздарын 20 жастағы жігіт алып қашып, жалдамалы пәтерде күш қолданған. Кейін үйіне апарып күшпен келін болуға көндірмек болған, деп  хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 7 арнаға сілтеме жасап. 

Бұл оқиға үш жыл бұрын болған. Түркістан облысының 16 жастағы тұрғыны әлеуметтік желі арқылы бір жігітпен танысады. Біраз уақыттан кейін 20 жастағы жігіт кездесуді ұсынып, оны көлігіне отырғызған. Жәбірленушінің айтуынша, содан кейін ол қыздың телефонын тартып алып, Шымкент бағытына қарай алып кеткен. Ол жерде жалдамалы пәтерде қайтымсыз әрекет жасаған.

"Кейін ол маған: “Қазір видеоға түсіремін, өз еркіңмен келгеніңді айтасың. Әйтпесе бұл жерден шықпайсың” деді. Сондықтан келісуге мәжбүр болдым", – дейді ол.

Қыздың айтуынша, болған жағдайдан кейін жігіт оны өз үйіне алып барған. Жәбірленушінің туыстарына ол қыздың "келін" болғанын айтып хабарлама жіберген. Кәмелетке толмаған қызын алып кету үшін келген әкеге күдікті күш қолданған. 70 жастағы әкенің айтуынша, олар бірден полиция шақырып, ресми арыз жазған. Алайда, оның сөзінше, күдіктіні ұстаудың орнына, полиция қызметкерлері отбасын арыздан бас тартуға үгіттеген.

"Бізге: “Қызыңыз өзі қалғысы келеді. Жігітті неге соттатасыз? Қызыңызды үйге әкелсеңіз не істейсіз, ол бұзылған, енді ешкім алмайды” деді. Кейін тіпті: “Оны 20 жылға соттап, кастрация жасаса, обал емес пе?” деп айтты. Анасына қызын жолатпады. 16 жастағы қызға екі сағат бойы “ата-анаң келісіп отыр, сен де қарсы болма, қалғың келетінін айт” деп ақыл айтқан", — дейді жәбірленушінің әкесі.

Сол жылы полиция істі жапқан. Қыз күдіктінің үйінде үш ай тұрған. Оның айтуынша, 20 жастағы жігіт оған оқуды жалғастыруға рұқсат бермей, шәкіртақысын алып қойған және күн сайын ұрып-соққан. Қыз үш айдан кейін ғана қашып шыға алған. Қазір 18 жасқа толған қыз және оның отбасы барлық жайттарды айтып, қайтадан құзырлы органдарға жүгінген.

"Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, қыздық перденің зақымданғаны анықталған. Біз арызды қайта тапсырдық, бірақ әлі жауап жоқ. Қыздардың қаза табуы, кәмелетке толмағандарды алып қашу туралы жиі естіп жүрміз. Біз бұл жағдайды да полицияның салғырттығының салдары деп есептейміз", — деді адвокат Гүлайхан Тұрсыманов.

Ал полиция өкілдерінің айтуынша, арыз түскен соң бірден сот-медициналық сараптама тағайындалған. Оның нәтижесі бойынша дене жарақаттары немесе зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.

"Тергеу барысында қатысушылар мен куәлардан жауап алынды. Беттестірулер жүргізілді, оқиға орнындағы бейнежазбалар зерттелді. Жиналған деректер қылмыс фактісін растамады. Барлық материалдарды ескере отырып, қылмыстық іс заң талаптарына сәйкес тоқтатылды. Процессуалдық шешім прокуратура органдарымен келісілді", – деді ведомство.

Шымкент қаласының прокуратурасы да қылмыстық істің қылмыс құрамының толық болмауына байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал істі қайта қарау мәселесіне қатысты нақты жауап берген жоқ.