Қоғам

Құндыз және Назгүл қамқоршысының үйінен арнаулы орталыққа көшірілді

Құндыз және Назгүл Жамбыл облысындағы анаулы орталыққа уақытша орналастырылды.

Түркістан облысында туған аға-жеңгесі 17 жыл құлдықта ұстаған апалы-сіңлі Назгүл мен Құндыз қамқоршысы Зүлфия Төленованың үйінен арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығына көшірілді, деп  хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Айтуынша, олар Жамбыл облысына қарасты №5 арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында уақытша орналастырылды. Кейін қыздардың жағдайына сай тұрақты баспана қарастырылады. 

«Құндыз бен Назгүлді қамқоршысы Зүлфия Төленованың үйінен қауіпсіз ортаға көшірдік. Алдағы уақытта қыздар осы жерде болады. Кейін олардың жағдайына сай тағы да жайлы, тұрақты орын қарастырамыз.
Қыздардың тағдырына алаңдап, уайым білдіріп жатқан барша қазақ еліне үлкен рақмет», - деп жазды ол.

Сондай-ақ, Құндыздың өзі туралы айтылған видеосына қатысты түсініктеме берді.

«Қазір әлеуметтік желілерде Құндыздың маған қатысты айтқан балағат сөздері таралып жатыр. Оған мән бермеулеріңізді сұраймын. Бұл видеоны түсіріп, таратқан адамның мақсаты - психологиялық тұрғыда әлсіз, аурушаң қызды пайдаланып, ел алдында жаманатты ету. Сондықтан артық арандатуға ермейік», - деп жазды журналист.