Басты жаңалықтар

Шымкенттегі балабақша тәрбиеленушілері балаларды ұйықтату үшін ине қолданған

Балабақша тәрбиешілері балаларды инемен қорқытып ұйықтатқан.

Бүлдіршіндерді инемен қорқытқан. Шымкенттегі «Айша» балабақшасынан дау шықты. Мұндағы тәрбиешілер балаларды ұйықтату үшін ине қолданған көрінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Бес жасар балақайды тәрбиешінің инемен қорқытып жатқан сәті бақылау камерасына түсіп қалған. Басқа балалар мұндайға үйренгендей, мән беріп жатқан жоқ. Тіпті өзге тәрбиеші де селт етпейді. Дегенмен бұл видео әлеуметтік желіге таралған соң, Шымкент қаласының білім басқармасы дереу комиссия құрып, тексере бастады. Тіпті мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі, тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылды. Бұл аздай, балаларды қорқытқан тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Ал шошып қалған балақайдың денесінде ине іздері жоқ көрінеді.

«Арызданушы ата-ананың өзі баласына қатысты сараптама тағайындаудың қажеті жоқ екенін ескертті. Себебі: денесінде ешқандай белгі, жарақаты жоқ екенін өзі атап өтті. Енді білім басқармасынан зерделеу тобы құрылып, балабақшаны тексеріп жатыр», - деді Шымкент қаласы білім басқармасының қорғаншы және қамқоршы орталығының директоры Абай Пахынбетов.