Қоғам

1,9 миллион теңге: Еңбек министрлігі жалақысы жоғары мамандықтарды атады

Еңбек министрлігі 2025 жылы ең жоғары жалақы сұраған маман иелерін жариялады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электронды еңбек биржасының 2025 жылға арналған статистикасын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылы электрондық еңбек биржасында 1 миллион 328 мың бос жұмыс орны жарияланып, 1 миллион 453,8 мың түйіндеме орналастырылды. Нәтижесінде еңбек нарығында ұсыныс сұраныстан 125,8 мыңға артық болды.

Бос жұмыс орындарының ең үлкен үлесі білім беру саласына тиесілі – 380,6 мың жұмыс орны (28,7 пайыз). Одан кейін "өзге қызмет түрлері" (13,2 пайыз) мен денсаулық сақтау саласы (8,8 пайыз) орналасқан.

"Жұмыс ең көп жариялаған өңірлер – Астана, Түркістан облысы және Алматы қаласы. Алайда солтүстік және шығыс өңірлерде жұмыс күшінің тапшылығы байқалды. Мәселен, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында бос жұмыс орындары түйіндемелер санынан едәуір көп", - делінген хабарламада.

2025 жылы ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында: медбикелер мен мейіргерлер, тәрбиешілер, автокөлік жүргізушілері, санитарлар бар.

Ал 2025 жылы жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны:

  • флоттағы штурман лауазымына үміткерлерге ұсынды – айына 875–900 мың теңге аралығында,
  • тау-кен өнеркәсібінде учаске бастығының орынбасарына – 714 мың теңгеден бастап және одан жоғары,
  • бұрғылау қондырғыларының машинистеріне – 700 мың теңгеден бастап және одан жоғары мөлшерде.

Үміткерлер арасында түйіндемелерде көрсетілген ең жоғары орташа жалақы пилоттарда – 1,9 миллион теңге, тау-кен саласындағы қызмет басшыларының орынбасарларында – 1,2 миллион теңге және кеме капитандарында – 1,1 миллион теңге болды".