Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Енді қазақстандықтардың айлық кірісі мен шығыны жіті бақылауға алынады

Енді қазақстандықтардың айлық кірісі мен шығыны жіті бақылауға алынады
Сурет: Pixabay / Andy_Bay
Кірістер комитеті енді әр азаматтың табысы мен шығынының сәйкестігін тексеріп, салықтық міндеттеменің орындалуын қадағаламақ.

Енді қазақстандықтардың айлық кірісі мен шығыны жіті бақылауға алынады. Яғни, кімнің қанша табыс табатыны, қандай мүлік, тауар сатып алғаны, шетелге қаншалықты жиі шығатыны, тіпті билет бағасына қатысты мәлімет те бірыңғай дерекқорға біріктіріледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.

Егер түскен қаржы мен жаратылған ақшада алшақтық болса, салық органдары әр тиынның есебін сұрайды.

Күні кеше ғана қаржы министрлігі қазақстандықтардың деректері жиналатын бірыңғай жүйені таныстырды. Жаңа платформа қайда ұштыңыз, билетті неше теңгеге алдыңыз, атыңызда қандай мүлік бар, тіпті қай букмекерлік кеңсеге қанша ақша тіктіңіз бәрін-бәрін көрсетеді.

Осылайша, кірістер комитеті азаматтың табысы мен шығынының сәйкестігін тексеріп, салықтық міндеттеменің орындалуын қадағаламақ. Мысалы, тұрғынның не шенеуніктің жалақысы 500 мың делік. Ал, айлық шығыны 1 миллион. Демек, қалған 500 мың қайдан шықты деген заңды сұрақ туындайды. Егер қосымша табыс түскенін айтып, есебін тапсырса, мәселе жоқ. Болмаса, камералдық бақылау жүргізіледі деді кірістер комитетінің өкілдері.

«Камералдық бақылау салық органдарындағы деректерде, өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың салық салу объектілері және салық салуға байланысты нысандар туралы ақпараттарда, әртүрлі ақпарат көздерінен алынған салық төлеушінің қызметі туралы мәліметтерде қамтылатын деректерді салыстыру арқылы жүргізіледі», - дейді ҚР мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, бұл жаңашылдық келесі жылы күшіне енеді. Өйткені, қазір өңірлерде бірыңғай дерекқор жоқ. Ал, өзге меморгандармен ақпарат алмасу үшін тиісті заңға өзгерістер енгізілуі керек.

 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар