Саясат

Дания Еспаева: бізге жекелеген түзетулер емес, жаңа Конституция қажет

Жаңа Конституция мемлекеттіліктің жаңа кезеңінің негізіне айналады – Дания Еспаева

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның бесінші отырысында Ата Заңға ұсынылған өзгерістердің көлемі мен тереңдігі тек қана жекелеген түзетулер аясында қалмайтынын, Конституцияның жаңа мәтінін әзірлеу қажеттігіне объективті түрде алып келетінін айтты.

Оның сөзінше, бастапқыдағы парламенттік реформа туралы бастама, сондай-ақ қоғамдық қатынастардың трансформациясы, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуы Ата Заңды кешенді түрде қайта қарауды талап етеді. Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түсті, олар қазіргі конституциялық нормалардың жартысынан астамын қамтиды, бұл тек жекелеген баптарды жаңарту емес, мемлекеттің басқару құрылымының архитектурасын қайта қарау қажеттілігін көрсетеді.

«Қазір алдымызда Ата Заңның жекелеген бөлімдерін түзету немесе толықтырудан асып түсетін міндет тұр. Бұл — мемлекеттік басқару жүйесінің, құқықтар мен бостандықтардың кепілдіктерінің және билік пен қоғам арасындағы өзара ықпалдастық тетіктерін терең қайта қарау», — деді Дания Еспаева.

Ол сондай-ақ бұл тәсіл құқықтық актілер туралы заңнама талаптарына сай екенін атап өтті: нормативтік құжат мәтінінің жартысынан астамы өзгерген жағдайда оның жаңа редакциясы қабылдануы тиіс. Осы логика бойынша, жаңа Конституцияны әзірлеу заңға негізделген қадам болып табылады.

«Жаңа Конституция мемлекеттің тұрақты дамуы үшін берік құқықтық негіз болуға тиіс. Бұл Қазақстанның мемлекеттіліктің жаңа кезеңіне қадам басып отырғанының ашық жарияланған жауабы болады», — деп түйіндеді Дания Еспаева.