«Мыс Service» ЖШС өндірістік аумаққа кіре алмай отыр: компания банк пен сот орындаушының әрекетіне шағымданды (Фото,Видео)
Компания иесі өзге кәсіпкердің кесірі өзіне және кәсібіне тиіп жатқанын дәлелдей алмай, шығынға батып жатқанын айтып дабыл қақты.
Ақмола облысында қиыршық тас өндірумен айналысатын "Мыс Service" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзіне заңды түрде берілген жер теліміне кіре алмай отырғанын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, өндірістік аумаққа кіруге Банк ЦентрКредит пен жеке сот орындаушысының әрекеттері кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан кәсіпорынның өндірістік қызметі толық тоқтаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жер қойнауын пайдалану құқығы қалай берілген:
Компанияның хабарлауынша, 2024 жылы Ақмола облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы «Мыс Service» ЖШС-не жер қойнауын пайдалану құқығын 10 жыл мерзімге берген. Тиісті қосымша келісім 2024 жылғы 16 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен. Осы құжаттардың негізінде компания карьер аумағында өндірістік қызметін бастап, техника орналастырып, жұмысшыларды қабылдаған.
Компания өкілдері барлық рұқсат құжаттары қолданыста екенін және жер телімін пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес рәсімделгенін атап өтеді.
Бұрынғы жер пайдаланушы және банк дауы:
Аталған жер телімін бұған дейін «ДС Нойбург» компаниясы пайдаланған. Оларға тиесілі өндірістік техника мен өзге де мүлік аумақта қалған. Кейін бұл мүліктің банкке кепілге қойылғаны белгілі болған. Компания банк алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамаған соң, банк сотқа жүгініп, сот шешімімен «ДС Нойбург» компаниясының мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарылған.
Алайда, «Мыс Service» өкілдерінің айтуынша, тәркілеу шаралары барысында жеке сот орындаушы өндірістік аумақта орналасқан «Мыс Service» ЖШС-не тиесілі техниканы да күзетке алып, оны пайдалануға шектеу қойған. Компания бұл әрекеттер өзіне қатысы жоқ үшінші тұлғаның мүлкіне заңсыз шектеу қою болып саналатынын алға тартады.
Өндірістің толық тоқтауы:
Компанияның мәліметінше, 15 қаңтардан бастап жеке сот орындаушы банк өкілдерімен және күзет компаниясымен бірлесіп, өндірістік аумаққа кіруге тыйым салған. Кіру жолдары жабылып, техника қозғалысына кедергі келтірілген. Нәтижесінде карьердегі барлық өндірістік процесс тоқтаған.

«Мыс Service» ЖШС директоры Омаров Мереке жер телімін пайдалану құқығы заңды екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жер мемлекет меншігінде болғанымен, компанияға заңды негізде уақытша пайдалану құқығы берілген.
Мемлекеттік міндеттемелер және салықтық салдар:
Директордың сөзінше, компания алдында мемлекет тарапынан нақты өндірістік міндеттемелер қойылған. Атап айтқанда, жылына бір миллион тонна қиыршық тас өндіру талабы бар. Бұл көрсеткіштер бойынша мемлекет салық есептейді.
Оның айтуынша, өндірістің тоқтауы бұл міндеттемелердің орындалуына ғана емес, бюджетке төленетін салық көлеміне де тікелей әсер етіп отыр. Компания өндіріс жүрмей тұрғанына қарамастан, лицензиялық және өзге де міндетті төлемдер сақталып отырғанын атап өтті.
Қызметкерлер мен әлеуметтік мәселе:
Өндірістің тоқтауы кәсіпорындағы әлеуметтік жағдайға да әсер еткен. Қазіргі таңда компанияда 80 қызметкер бар. Олар соңғы бірнеше апта бойы жұмыссыз отырғанымен, компания жалақыны толық көлемде төлеп отырғанын хабарлады.
Компания басшылығы қызметкерлерді қысқарту немесе ақысыз демалысқа жіберу мүмкін еместігін, себебі бұл адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей соққы болатынын атап өтті.
Сот орындаушының әрекеттеріне шағым:
Компания басшылығы жеке сот орындаушының әрекеттерін заңсыз деп санайды. Олардың айтуынша, техникалардың жүретін жолдары әдейі бөгеліп, аумаққа контейнерлер қойылған. Сондай-ақ жұмысшыларды өндірістік аумақтан күштеп шығару фактілері тіркелгенін мәлімдеді.
Компания бұл әрекеттерді кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтіру деп бағалайды.
Банктің соттағы талабы:
Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта банк әкімдікпен жасалған жерді жалға беру туралы келісімшартты заңсыз деп тану жөнінде сотқа талап арыз берген. Бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Алайда әзірге соттың түпкілікті шешімі шықпаған.
Компания өкілдері сот шешімі заңды күшіне енбей тұрып, өндірістік қызметке шектеу қою орынсыз деп есептейді.

Адвокаттың құқықтық түсіндірмесі:
Компанияның адвокаты Абдуова Гаусар Мухаммадгалиева жер телімінің құқықтық мәртебесіне түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл — мемлекет меншігіндегі жер және ол ешкімге меншік құқығымен тиесілі емес.
Адвокаттың сөзінше, қосымша келісім жасалған кезде жер учаскесіне қатысты ешқандай ауыртпалық немесе шектеу болмаған. Мемлекеттік органмен жасалған келісімшартқа сәйкес, заңды жер пайдаланушы ретінде «Мыс Service» ЖШС танылады.
Қазіргі жағдай:
Қазіргі таңда компания прокуратура мен құқық қорғау органдарына ресми шағым түсірген. Алайда әзірге өндірістік аумаққа кіру қалпына келтірілмеген. Даулы мәселе сотта қаралып жатыр, түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.
Компания өкілдері мәселе заң аясында әділ шешіледі деген үміт білдіріп отыр.