«Алимент бермесең – ұрамын»: Таразда баласын ұрып-соққан 19 жастағы келіншек қамауға алынды
Таразда күйеуіне ашуланып, баласын ұрған келіншек ана құқығынан айырылуы мүмкін.
Таразда өз балаларын ұрып-соғып, күйеуіне ашуын көрсеткен әйел қамауға алынды. Ал анасынан зәбір көрген қос бүлдіршін дәрігерлердің бақылауынан кейін балалар үйіне жіберілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Екі жастағы бүлдіршінді ұрып жылатқан безбүйрек анаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Мамандар 19 жастағы әйелді медициналық сараптамадан өткізіп жатыр. Сондай-ақ оның мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны тексеріліп жатыр.
Ерлі-зайыпты бес ай бұрын ажырасқан. Видеоны әлеуметтік желіге жүктеген бүлдіршіндердің әкесі бұрынғы әйелінің ақша сұрап, оны бермеген жағдайда «балаларды ұрамын» деп қорқытқанын айтқан. Енді бұл әйел ана құқынан айырылуы мүмкін. Ал екі баланың одан арғы тағдырын бала құқығын қорғау жөніндегі комисия шешпек.
«Әлеуметтік желіде балаларды ұрып-соғу фактісі бойынша полиция тарапынан арнайы іс қозғалып, бүгінгі күнде тергеу жүруде. Кәмелетке толмаған екі бала қала әкімінің қаулысына сәйкес балалар үйіне орналастырылды. Бала бақылауда, жағдайы тұрақты», - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова.