Талдықорғанда ер адам әйелі мен үш жасар қызын сабап тастады: бала жансақтау бөлімінде жатыр (ВИДЕО)
Ер адам мас күйінде әйелі мен қызын аяусыз ұрғаны туралы видео желіде тарады.
Талдықорғанда ер адам әйелін және үш жасар қызын ұрып-соққан. Әйел мен бала ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы видео желіде тарап кетті.
"Талдықорғанда әкесі кішкентай баласын және әйелін аяусыз ұрған. Анасы мен баласы облыстық балалар ауруханасында жатыр", - деп жазылған видеоның астына.
Әйелдің айтуынша, күйеуі мас күйде ұрып-соққан. Оқиға Талдықорғанда болғаны белгілі болды.
Полиция бұл ақпаратты растады. Күдікті ер адам ұсталып, қамауға алынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жетісу облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, үш жасар баланың зорлық белгілері бар жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілгені туралы хабар 102 арнасына сағат 21:00-де түскен. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.
Ведомство оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын, қажет тергеу және процестік іс-шаралар жүргізілгенін, ал тергеу барысы департамент басшылығының жеке бақылауына алынғанын мәлімдеді.