Басты жаңалықтар

Конституция жобасы төңірегінде жалған ақпарат: Ішкі істер министрлігі қатаң ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды тек ресми, әрі сенімді ақпаратқа ғана сенуге шақырды.

Әлеуметтік желіде Конституция жобасына қатысты жалған әрі арандатушылық ақпарат тарай бастаған. Осыған байланысты ішкі істер министрлігі азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Сондай-ақ заң бұзғандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты фактілерді әдейі бұрмалау және жалған мәлімет тарату деректері тіркелген. Бұл азаматтарды жаңылыстырып, қоғамға қауіп төндіреді.

Соның бірі Алматы қаласының тұрғыны интернетте жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алып тасталды деген жалған ақпарат таратқан. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ресми түрде бұл ақпаратты жоққа шығарған. Ішкі істер департаментінің басшысы Шыңғыс Алекешев шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.

"Сондай-ақ Абай облысы Семей қаласының тұрғыны жаңа Конституция жобасында мемлекеттің унитарлығы мен аумақтық тұтастығына күмән келтіретін түзетулер бар деген жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапқа тартылған. Аталған қағидаттар жаңа Конституция жобасында керісінше тікелей бекітіліп, күшейтілген", – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі Конституция жобасын талқылау, азаматтардың өз пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі заң бұзушылық болып саналмайтынын мәлімдейді. Ал көрінеу жалған ақпарат тарату мен арандатушылық әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Ведомство өкілдері азаматтарды арандатуға ермеуге, тек ресми әрі тексерілген ақпарат көздеріне сенуге шақырды.