Қазақстанда жекеменшік емханада ауырған тісті тегін емдеуге болады
Қазақстандық ата-аналар МӘМС қорымен келісімшарт жасасқан жеке емханаларда баланың тісін тегін емдете алады.
Қазақстандықтар ауырып, мазалаған тісін жекеменшік емханаларда тегін емдей алады. Бірақ тегін ем-шара 18 жасқа дейінгі балаларға және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жасалады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап .
Қазақстандық балалар тісін тегін емдете алады. Оның үстіне, қымбат қызмет түрі тек мемлекеттік емханаларда емес, МӘМС қорымен келісімшарт жасасқан жеке емханаларда да қолжетімді. Көмек алу үшін өз емханаңыздан жолдама алып, қор жүйесінде жұмыс істейтін стоматологияға жүгіну жеткілікті. Жалпы, 18 жасқа дейінгі ұл-қыздар жыл сайын ақысыз профилактикалық тексеруден өтуге құқылы. Өйткені олар көрсеткен қызметі үшін мемлекеттен қаржы алады. Биылдың өзінде бұл салаға 36,2 миллиард теңге қарастырылған екен.
“Ата-аналар өз құқықтарын біліп, МӘМС шеңберінде балаларын тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты бар стоматологиялық кабинеттер мен емханаларға апарып, қарастырылған медициналық көмекті ала алады”, – дейді ӘМСҚ заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің аға менеджері Әбдімәлік Үсібәлиев.
Алайда тұрғындардың көбі тісті тегін емдетуге болатынын білмепті.
“Жоқ, білмедім. ӘМСҚ төлеп отырмыз ғой. Сол себепті қажетті қызметті алсақ деп ойлаймыз”, “Тек әлеуметтік осал топтарға ғана емес, қарапайым адамдарға да арзан қызмет көрсетілсін. Тіпті, тегін жасалса”, “Қызым барады. Немерелерім барады. Жақсы емдейді”, – дейді қазақстандықтар.
Дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар көбіне тіс жиегінің ауруымен шағымданады екен. Оның ішінде тісті түзету қызметі де бар. Бірақ кей клиникаларға биыл бұл бағытқа қаржы бөлінбеген. Сондықтан брекет тағу қызметі тек белгілі бір орталықтарда, негізінен тек балаларға ғана көрсетіледі.
“Тіс жиегі және оның ауырсынуын емдейміз.Нақтырақ айтқанда, кариес, пульпит, периодонтит бойынша ем жүргізіледі. Егер асқынуы болмаса — абсцесс, флегмона сияқты ауыр жағдайлар жоқ болса емдеуге болады. Кішкентай балаларда жарақат салдарынан бүлінген немесе өзінен-өзі түсіп жатқан тістер болса, жұлып бере аламыз. Емдеу кезінде пломба қойылады”, – деді науқастарды қолдау қызметкері Дидар Бекмұханбетов.
Статистика да ауқымды. Былтыр ел бойынша миллиондаған адам жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек алған. Бұл қызметтерге ондаған миллиард теңге бөлінген. Келесі жылы қаржы көлемі тағы артпақ. Соған қарамастан, кей емханаларда креслолар бос тұр. Себебі халық тегін емнің барын білмейді немесе сенбейді.