Саясат

Конституция жобасында жерді сатуға мүмкіндік беретін бірде-бір норма жоқ – депутат

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жаңа Конституция бойынша жер сатылмайтынын айтты.

Конституция жобасы жарияланғаннан кейін қоғамда “Жаңа Конституция бойынша жер шетелдіктерге сатылады” деген ақпарат тарай бастаған. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мұны таратқандардың әрекетін нағыз манипуляция деп бағалады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, жаңа Конституция жобасында жерді сатуға мүмкіндік беретін бірде-бір норма жоқ.

“Ашық әрі нақты айта аламын: қолданыстағы Конституция жобасында жерді сатуға мүмкіндік беретін бірде-бір норма жоқ – бұл бір. Қандай да бір тыйымды алып тастайтын норма да жоқ – бұл екі. Жер және оның қойнауы, су ресурстары, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін”, – деп депутат норманы тағы бір қайтара оқыды.

Бақытжан Базарбек Конституцияның қазіргі редакциясындағы 6-бап еш өзгеріссіз жаңа Конституцияның 8-бабының негізіне алынғанын атап өтті.