Денсаулық

Алматыда 39 жастағы әйел үшем дүниеге әкеліп, бірден көпбалалы ана атанды

Үшем босанған алматылық келіншек, көпбалалы болды.

Алматыда 39 жастағы әйел үшемді дүниеге әкеліп, көпбалалы ана атанды. Бұл отбасында үшемнен бөлек, тағы үш бала өсіп келеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүктілік табиғи жолмен болған. Мұндай жағдай акушерлік тәжірибеде сирек кездеседі.

Сәбилердің анасына жүктіліктің 32 аптасында шұғыл түрде кесар тілігі жасалған. Түнгі сағат үш шамасында акушер-гинекологтар, анестезиологтар және неонатологтардан құралған көпсалалы медициналық команда жедел түрде жұмылдырылған.

Осылайша, Алматы қалалық перинаталдық орталығында екі ұл бала мен бір қыз бала дүниеге келген. Ұл балаларға Заңғар, Айбар, қыз балаға Әсел деген есім берілген.

Орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ербулатованың айтуынша, медициналық ұжымның үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында босану асқынусыз өткен.

Шала туған сәбилер алғашқы минуттан бастап бақылауға алынған. Қазіргі таңда нәрестелер салмақ қосып келеді, жағдайы тұрақты, алдағы уақытта үйлеріне шығарылмақ.