21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі: күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Шымкентте 21 жастағы студенттің өліміне күдіктінің ісі үш бап бойынша қаралып жатыр.
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша жаңа дерек айтылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісовтің айтуынша, іс 5-тармақ, 2-бөлікке қайта сараланған.
"Іс 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағына –"аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" ретінде қайта сараланды", – деді адвокат.
Бұл баптың санкциясы 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе мүлкін тәркілеумен не тәркілеусіз өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Осылайша, қылмыстық іс қазір бірден үш бап бойынша қаралып жатыр:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлік, 5-тармақ – аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру;
- Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы – неке қиюға мәжбүрлеу;
- Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы – сталкинг.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды.