Зейнетақы тағайындағанда әкенің де декреттік демалысы ескеріледі
Елімізде бала күтіміне байланысты демалысқа тек аналар емес, ер-азаматтар да шыға алады.
Енді зейнетақы тағайындау кезінде әкелердің декрет демалысы да ескеріледі. Парламент бүгін еңбек жағдайын жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқығын қорғау туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Құжаттағы өзгерістерге сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға нақты күтім жасаған уақыт зейнетақы төлемін тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептеледі. Ол үшін азаматтың нақты сол уақытта заңды түрде жұмыстан босап, баласын қарағаны туралы анықтама қажет.
Айта кетсек, елімізде бала күтіміне байланысты демалысқа тек аналар емес, ер-азаматтар да шыға алады. Еңбек кодексінде жазылған тармақта ата-аналарға жынысына қарамай декрет демалысына шығуға мүмкіндік қарастырылғаны жазылған. Мұндай жағдайда жұмыс беруші үш жылға дейін қамқор әкенің орнын сақтауға міндетті.
Депутаттар жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-анаға жынысына қарамастан, еңбек шартын бұзуға да тыйым салды.