Басты жаңалықтар

Қазақстанда алдағы күндері -30 градусқа дейін аяз болады

Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болады.

Алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде күн суытады. "Қазгидромет" синоптиктері 10, 11 және 12 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. 10–11 ақпанда елдің солтүстігі, солтүстік-батысы, оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және орталығында, ал 11 ақпанда шығыс өңірлерде қатты жауын-шашын жаууы мүмкін.

Қазақстан бойынша көктайғақ, боран, екпінді жел болжанады.

Батыс антициклонының ықпалы күшейіп, жауын-шашын тоқтап, күн суытады деп күтіледі:

  • Солтүстік, солтүстік-батыс және орталықта түнде –22…–30°С, күндіз –15…–20°С дейін төмендейді;
  • Шығыста түнде –13…–23°С, күндіз –12…–20°С;
  • Оңтүстікте түнде –10…–20°С, күндіз –5°С-тан +5°С-қа дейін.

Бұған дейін синоптиктер Қазақстан бойынша ақпанға арналған жаңартылған болжамды да ұсынған еді. Мамандардың айтуынша, ақпан әдеттегіден жылырақ, жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Ел аумағының басым бөлігінде орташа температура климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі.