Тоқаев Конституцияға баға беріп, тұңғыш президент Назарбаевтың еңбегін де атап өтті
Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды - Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін де атап өтті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Президент Конституцияның маңызын айтып, елдің 30 жылда жеткен жетістігінде Ата Заңның үлесі зор болғанын жеткізді.
"Кейінгі 30 жылда жеткен барлық жетістігіміздің бастауында Ата Заңымыз тұрғаны сөзсіз. Бұл – тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегінің арқасы. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Солай болуы да заңды. Сол кезден бері еліміз адам танымастай өзгерді. Болашағымызға көбі күмәнмен қараса да, Қазақстан халықаралық беделі жоғары, мықты мемлекетке айналды", - деді Мемлекет басшысы.
Қазір әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық, технологиялық ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр.
"Кейінгі жылдары Қазақстан да көптеген өзгерісті бастан өткерді. Бұл өзгерістер ұлт санасына ықпал етті, тіпті, зор сілкініс әкелді десек, қате болмас. Сондықтан еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды", - деді Тоқаев.