Саясат

«Қонақүйлерде шай, кофе ішіп отырады»: Тоқаев ұлттық компаниялардың кейбір қызметкерлеріне шүйлікті

Мемлекет басшысы "Самұрық-қазына" қорының басшыларына қатысты сын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардың кейбір қызметкерлерінің жұмысын сынады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы заманауи жоғары технологиялық өндіріс орындарын құру үшін жаңа сапалы инвестиция тарту мәселесін көтерді. Осы орайда президент басқарушы кадрлары шамадан көп компаниялардың құрылымын қайта тексеру керек екенін айтты.

 «Мен ұлттық компаниялардың және “Самұрық-Қазына” қорының басшыларымен өте маңызды әңгімелер өткіздім. Менің ойымша, басқарушы кадрлары шамадан тыс көп, артық жүктелген компаниялардың құрылымын сыни тұрғыда, заманауи талаптарға сай қайта қарау қажет. Бұлар — “сол жағалаудағылар” деп аталатын адамдар. Олардың саны көп, сіздер де көріп жүрсіздер. Түскі уақытта олар қонақүйлерде отырып, пікір алмасады, шай ішеді, кофе ішеді және сол сияқты істермен айналысады. Олар жұмысқа толық жүктелмеген, кейде мүлде ештеңе істемей зерігеді. Бәлкім, осының салдарынан интернетте ұзақ уақыт “отырып”, тіпті күмәнді пікірталастарға да қатысады. Ал олардың дауыс берулерге қалай қатысатыны және өз дауысын қалай беретіні — бұл бөлек әңгіме. Бірақ маған бәрі түсінікті әрі белгілі. Ашық айтайын: бұл жақсылыққа апармайды», - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.