Қоғам

«41 сарапшының қорытындысында “өзін-өзі ату мүмкін емес” деп көрсетілген»: Аягөзде қаза тапқан офицердің жақындары әділдік іздейді

15 жылдық еңбек өтілі бар әскеридің туыстары оның өзіне оқ атты дегеніне сенбейді.

Аягөзде оқ атылып ажал құшқан офицер Бақытжан Әріпжанның жақындары әділдік іздейді. Үш жыл бұрын әскери бөлімде мәйіті табылған марқұмға былтыр эксгумация жасалған. Сөйтіп сарапшылар ер адам өз-өзіне қол салмады деген тұжырымға келіпті. Бірақ Қаралы отбасы осыған қарамастан тергеу тоқтатылып, істің жылы жабылғанын айтады. Сөйтіп, 15 жылдық еңбек өтілі бар әскери қызметкер суицид жасады деген атақтан арылмағанына күйінеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Құлыбек ақсақал үш жыл бұрын жалғыз ұлынан айырылды. Офицер Бақытжан Әріпжанның жансыз денесі өзі қызмет атқарған Аягөз қаласындағы әскери бөлімнен табылған. Әріптестері суық хабарды "суицид жасады" деп жеткізгенімен, марқұмның туыстары бұл нұсқаға сол сәттен бастап сенбеген. Себебі 41 жастағы әскери қызметкердің өліміне қатысты күмәнді жайттар көп екенін айтады әкесі.

"Атылған оқ та, гильза да жоқ. Киімдерінің бәрі жоғалып кеткен: бас киімі де, үстіндегі киімі де табылмады. Тапаншаның атпау тетігі төмен түсіп тұруы керек еді, ал ол жоғары қарап қалған. Сонда ол өзін-өзі атып, кейін тапаншаны жоғары қойып үлгерді ме? Қару телефонның үстінде тұрған. Оны кім қойды? Өзі қоюы мүмкін емес. Оқ оң жағынан тиген. Егер өзі атса, сол жақта, үстелдің үстінде қан қалуы керек еді. Себебі оқ өзімен бірге қанды алып шығады. Ал мұнда қан оң жаққа аққан", – дейді марқұмның әкесі Құлыбек Әріпжан.

Марқұмның жары Жанар Қалаубаеваның айтуынша, бес баланың әкесі өзіне қол салмағанын дәлелдеу үшін отбасы былтыр эксгумация жасауға мәжбүр болған. Таңғаларлығы, арада уақыт өтсе де мәйіттің бірде-бір жері бұзылмаған. Осыдан кейін белгілі сарапшы Тахир Халимназаров сот-медициналық сараптама жүргізген.

"41 сарапшының қорытындысында “өзін-өзі ату мүмкін емес” деп нақты көрсетілген. Біреудің көмегімен атылғаны жазылған. Қаруды сынып қалған бұғана арқылы басына апару мүмкін емес екені айтылған. Сонымен қатар оқ 1 метр 20 сантиметр қашықтықтан тиген және отырған күйде емес, етбетінен құлап жатқан кезде атылған деген қорытынды бар. Мұның бәрі жұмыс орнында, қызмет бабында болған жағдай. Сонда қызмет үстінде болған іске мемлекеттің жауапкершілігі жоқ па? Неге әскери бөлімдегі 97 камераның біреуі де жұмыс істемейді? Онда камера не үшін орнатылған?" – деп ашынады марқұмның жұбайы.

Алайда офицердің отбасы үш жыл бойы қойған сұрақтарына әлі күнге дейін нақты жауап ала алмай отыр. Сараптама қорытындысына қарамастан, іс былтыр тоқтатылған. Ашынған Әріпжановтар істің қайта ашылып, әділ тергеу жүргізілуін және кінәлілердің жазасыз қалмауын талап етеді.

Еске салайық, бұған дейін Аягөздегі әскери бөлімде қаза тапқан офицер Бақытжан Әріпжанның өліміне қатысты ресми «Өзіне қол жұмсады» деген нұсқаға туыстары сенбейді. Туыстары оның бес баланың әкесі болғанын және Шымкентке ауысуды жоспарлаған әскери өмірге құштар адам еді дейді. Осыдан үш жыл бұрын қылмыстық іс қозғалып, туыстары оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап еткен еді.