Саясат

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов: Жаңа Конституция – ұлттық бірлік пен дамуға жасалған қадам

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов Жаңа Конституция ашық ережелер мен тұрақты өсудің кепілі екенін айтты.

Белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов Конституция жобасын қолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ол өз жазбасында референдум халықпен тікелей сөйлесуге мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Сондай-ақ бұл Президенттің саяси батылдығы деп атады.

“Конституциялық реформа керек пе?

Иә, керек. Себебі уақыт өзгереді, сын-қатер өзгереді, қоғам да өзгереді. Ал елдің басты заңы заманға сай болуы тиіс.

Халықпен онлайн талқылап, әр ұсынысты саралап, соңғы шешімді референдум арқылы қабылдау бұл Президентіміздің саяси батылдығы. Бұл жауапкершілікті халықпен бөлісу. Ел тағдырын кабинетте емес, қоғаммен бірге шешу.

Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда стратегиялық шешімдерді көпшілікпен ақылдасып қабылдау әлсіздік емес, керісінше кемелдік. Қағаммен әрдайым диалогта болу Президентіміздің басты артықшылығы!

Конституция заңгерлердің ғана тілімен жазылған құжат емес. Ол әр азамат оқып, түсінетін, бағыт алатын шамшырақ болуы керек. Халық түсінбеген заң жұмыс істемейді.

Бизнеске не керек? Тұрақтылық. Ашық әрі түсінікті ереже. Әділ ойын алаңы. Сонда ғана инвестиция келеді, сонда ғана даму болады.

Референдум тек дауыс беру емес. Бұл елмен сөйлесу мүмкіндігі. Осы науқанды пайдаланып, өңір мен қала басшылары да маңызды шешімдерін халықпен ақылдасып алса ұтарымыз көп, шығын аз. Халық қатысқан шешім берік шешім.

Мықты мемлекет халықпен байланысын үзбеген мемлекет.

Заң қағазда емес, сенімде өмір сүргенде ғана күшті.

Бастысы референдумды халықты бір бағытта біріктіретін іс шара деп тану керек!", - деді ол.