«Осындай қадамға баруға тура келді»: Талғар қаласының әкімі қызметінен кетті
Талғар қаласының әкімі денсаулығына байланысты өз өкілеттілігін тоқтатты.
Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметінен кетті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қала әкімдігінің ресми парақшасында жарияланды.
“Мен атқарған қызметімді денсаулығыма байланысты аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Денсаулығыма байланысты белгілі бір уақыт еңбек демалысында болдым. Осы жағдай қызметтік міндеттерімді толық әрі сапалы атқаруға кедергі келтірмеуі үшін осындай шешім қабылдауды жөн санадым. Дегенмен денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі, сондықтан осындай қадамға баруға тура келді”, – делінген жазбада.
Бұрынғы әкім Талғар ауданының әкіміне, әріптестеріне, Талғар қаласының тұрғындарына және ақсақалдарына алғыс білдірді.
Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласының әкімі болып 2024 жылғы желтоқсанда өткен сайлауда жеңіске жетіп, тағайындалған. Ол бұл қызметті 1 жыл 2 ай атқарды.