Енді күйеуінің рұқсатынсыз ата-анасының үйіне кеткен әйел сотталып кетуі мүмкін
Ауғанстанда Талибан қозғалысы ресми түрде бекіткен жаңа Қылмыстық кодекс сынға ұшырады.
Ауғанстанда Талибан қозғалысының билігі жаңа Қылмыстық кодексті ресми түрде бекітті. Бірқатар құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық қауымдастық құжатқа қатысты сыни пікірлерін жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
The Sunday Guardian басылымының жазуынша, сарапшылар жаңа кодекстің кей баптары тұрмыстық зорлық-зомбылықты іс жүзінде заңдастырып, әйелдер мен балалардың негізгі құқықтарын шектейтінін айтады.
Ерлі-зайыптылар арасындағы зорлық мәселесіне қатысты 32-бап ең көп талқыланған. Құжатта «әдепсіз күш қолдану» арқылы әйелін ұрып-соққан ер адам, егер «көзге көрінетін жарақат немесе көгеру» анықталса, 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда бұл жаза тек әйел сотта зорлық фактісін дәлелдей алған жағдайда ғана қолданылады.
Ал 34-бапта күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барған әйелге және оны қайтарудан бас тартқан туыстарына үш айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сарапшылардың бағалауынша, кодекс әйелдердің жүріп-тұруына, қарым-қатынасына және отбасылық шешімдеріне қатаң шектеу енгізіп, зорлық-зомбылықтан қорғану тетіктерін шектейді.
Жаңа кодексте ислам дінінен бас тартқан адамдарға да қатаң санкциялар қарастырылған. 58-бапқа сәйкес, діннен «безген» әйелдер өмір бойына бас бостандығынан айырылып, тәубесіне келгенге дейін әр үш күн сайын 10 дүре соғылуы мүмкін.
Ал ер адамдарға қатысты өзге тәртіп қолданылады: Ханафи мазхабы қағидаларына сәйкес, оларға тәубеге келу үшін үш күнге дейін уақыт беріледі, одан кейін өлім жазасы қарастырылуы ықтимал.
Құқық қорғаушылар бұл нормаларды заң қолданудағы гендерлік теңсіздіктің айқын көрінісі деп бағалап отыр.