Қоғам

Конституциялық комиссия мүшесі жұмысшыларға жаңа Конституцияның маңызын түсіндірді

Ақтөбелік кәсіпорын жұмысшыларына жаңа Конституцияның басымдықтары айтылды

12 ақпан күні Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Кездесуге облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева, облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбаев және кәсіпорынның еңбек ұжымы қатысты. 

Жиында сөз алған Гүлқасима Сүйінтаева жаңа Конституция жобасында еңбек құқығы, азаматтардың қауіпсіз еңбек жағдайы, уақтылы жалақы төлеу сияқты маңызды міндеттемелер нақты айқындалғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасының кіріспесінде еліміздің басты ұлттық құндылықтары айқын көрініс тапқан. Құжатта «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты нақты белгіленген. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланып отыр. Еңбек құқығының конституциялық деңгейде нығаюы ерекше мәнге ие. Әрбір жұмысшының құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету заңмен қадағаланады. 

Сондай-ақ 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумның маңыздылығына тоқталып, ел болашағын айқындайтын құжатты халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары жалғасатыны айтылды. 

Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаның елдің саяси жаңғыруындағы шешуші қадам екенін атап өтті. 

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы қоғам сұранысы мен заман талабына сай әзірленген. Алда өтетін жалпыұлттық референдум әрбір азаматқа ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Жоба мәтінінде әділеттілік, «Заң мен тәртіп» қағидаты және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәселелері қамтылған. 

Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау әр азаматтың парызы екені айтылды. Жаңа Конституция жобасы қоғамда жан-жақты талқыланып жатыр. Соңғы өткен бірлескен отырыста сарапшылар мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары ретінде ғылым мен инновацияның маңызын атап өтті. 

Жиын барысында еңбек ұжымы өкілдері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.