Басты жаңалықтар

Талғар полиция қызметкерлері қысым көрсетті деген 27 жастағы жігіттің денесі атаусыз моладан табылды

Талғарда полиция қызметкерлері қысым көрсетті деген жігіттің денесін атаусыз молаға жерлеп тастаған.

Талғар полиция қызметкерлері 27 жастағы жігітке қысым көрсетті деп айыпталып отыр. Жігіт өзіне қол жұмсап, ақыры атаусыз молаға жерленген. Алайда бұл туралы марқұмның туыстары бір ай өткен соң ғана білген. Қазір олар мәйітке эксгумация жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

27 жастағы Ғалымжан желтоқсан айының соңында жоғалып кеткен. Жақындары бірден іздеу жариялағанымен, нәтиже болмаған. Бір ай өткен соң анасына Ғалымжанның қайтыс болғанын айтқан. Қайғыдан қан жылаған ана Гүлнар Момынова марқұм ұлының зиратын Алматыдағы атаусыз моладан іздеп жүр. 

“Жолдасым ұлымыздың үйге оралмағанын айтты. 28 желтоқсанда мен Түркістаннан келдім. Барлық достарына хабарласып, полицияға жүгіндім. Сөйтсем, ұлым интернетте бір қызбен танысқан екен. Бірақ ол 14 жастағы жасөспірім болып шыққан. Олар тек хат алмасқан. Ұлым жазбасында Талғар қаласының полиция қызметкерлері оны ұстап алғанын жазған. Бөлімшеде басына қап кигізіп, ұрып-соқты деп көрсеткен. Хатында өзіне қалай қысым жасалғанын баяндаған”, – дейді Гүлнар Момынова.

Туыстарының айтуынша, ер адамға қызға тиісті деген айып тағылған. Алайда Ғалымжан өз-өзіне қол жұмсамас бұрын жазған хатында бұл туралы айтпаған. Тек құқық қорғау органдарын айыптап, анасынан кешірім сұраған.

Бір ай өткен соң марқұмның туыстарымен Алматы қаласының полициясымен байланысқа шыққан. Олар Ғалымжанның аты-жөні көрсетілмеген зиратқа жерленгенін хабарлаған.

“Жиенім жұмыс істеп, ата-анасына көмектесіп жүрді. Оны өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді, кейін үстінен топырақ та салды. Неге бізге мәйітін бермеді? Біз ұлымызды өз қолымызбен, адамша жерлеуіміз керек еді”, – марқұмның әпкесі Гүлзар Қапашова.

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, Талғар қаласының тұрғыны 27 жастағы ер адамды кәмелетке толмағанға тиісу дерегі бойынша айыптаған. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, күдіктіге сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір ведомство тексеру жұмыстарын бастады.

“Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 121-бабы (Сексуалдық сипаттағы тиісу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында мессенджерлердегі хат алмасу материалдары және істің мән-жайын анықтауға маңызы бар өзге де деректер зерттелді. Сондай-ақ күдіктінің туыстары айтқан полиция қызметкерлерінің ықтимал заңсыз әрекеттері туралы уәждер де тексеріледі және заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады”, – деді Алматы облысы полиция департаментінің өкілдері.

Алматы қаласының полициясында да қызметтік тексеру басталды. Ведомство жерлеу кезінде қызметкерлердің салғырттық танытуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

“Егер Жетісу аудандық полиция басқармасы қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылық белгілері анықталса, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Міндетті түрде тәртіптік жаза қолданылады. Қаза болған азаматтың туыстарының жанайқайын түсінеміз. Мұндай жағдайлар тәжірибеде мүлде болмауға тиіс”, – деді Алматы полицисының ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір марқұмның туыстары мәйітті қайта қазып алуды талап етіп отыр. Полиция қызметкерлері бұл рәсімді рәсімдеуге көмектесетінін мәлімдеді.