Енді лимиттен асқандар көп төлейді: Қазақстанда газ бен жылытуға төлем ережесі өзгермек
Томирис Тоныкөк
Еділ Жаңбыршин газ бағасы әділ есептеліп жатпағанын айтады.
Қазақстанда үйлерді газбен жылытуға лимит енгізіліп, төлемнің әртүрлі тарифтері қолданылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
11 ақпанда Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Депутат Еділ Жаңбыршин қазір газ бағасы әділ есептеліп жатпағанын айтады.
“Мысалы, жылы өңірде орналасқан аумағы 200 шаршы метр болатын үй суық климатты аймақтағы дәл сондай үйге қарағанда көбірек газ тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде ескерілмей отыр. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидасын бұзып, газды үнемдеуге ынталандырмайды”, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, қазіргі жүйе қазақстандықтардың газды үнемдеуіне көмектеспейді. Сондықтан "Газбен жабдықтау және газды ұқыпты тұтыну мәселелері бойынша" заңға тұтыну лимитіне қатысты түзетулер енгізу ұсынылып отыр:
егер адам белгіленген лимит шегінде тұтынса – әдеттегі тарифпен төлейді;
лимиттен асырса – жоғары тариф қолданылады.
Депутат Жаңбыршиннің айтуынша, қыста газ бағасы күрт қымбаттайды: бір тоннасы 150–200 мың теңгеден 250–300 мың теңгеге дейін өседі. Ал мемлекет бұл бағаны қазір реттеп отырған жоқ.
Енді бағаға бақылауды Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылып отыр.
“Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында көрсетілген нысандарды жылытуға пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының бағасын бекіту өкілеттігін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылады”, – деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, қазір газ тұтыну есебі нақты жүргізілмейді. Есептегіш көрсеткіштері көбіне қолмен жазылады немесе тұрғындар мессенджер арқылы фото жіберумен шектеледі.
“Бұл халықтың төлемін азайтуға, газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үнемделген газ көлемі өндіріс қажетіне және газдандырылмаған елді мекендерді газбен қамтуға бағытталады”, – деді депутат.