Қоғам

Отарда әскери бөлімде сарбаз соққыға жығылды: жақ сүйегі мен мұрны сынған

Сарбаз соққыға жығылып, ауруханада ем қабылдап жатыр.

Отардағы әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз соққыға жығылып, жақ сүйегі мен мұрны сынған. Қазіргі таңда ол Алматы қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ақпарат желіде тарады. Хабарламада ота жасалғаннан кейін оған толыққанды ем мен бақылау көрсетілмегені айтылады. Кейін туыстары сарбаздың бір пәтерде ұсталғанын анықтаған. Ал тексеру барысында отаның дұрыс жүргізілмегені белгілі болған.

Гвардиялық гарнизонның әскери полициясы әскери қызметшіге физикалық күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ әскери бөлімде жарғыдан тыс қарым-қатынас фактісі туралы жоғары басшылыққа дер кезінде баяндама жасамаған және медициналық көмекті ұйымдастырмаған лауазымды адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», — делінген әскери полицияның хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, сарбазға барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде, ал денсаулығы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.