Тоқаев кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұлын "Барыс" орденімен марапаттады
Мемлекет басшысы спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін қазақстандық сумо шеберін ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы сумо спортының отаны Жапонияда зор жетістікке жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесті, деп хабарлайды KYN.KZақпарат агенттігі.
Президент спортшыны былтыр Император кубогында "маэгашира" атағын, яғни сумо балуандарының ең жоғары дәрежесін иеленуімен және жарыс қорытындысы бойынша "Канто-се" (жауынгерлік рух) арнайы жүлдесін алуымен құттықтады. Спорт саласындағы елеулі еңбегі үшін Ерсін Балтағұлды ІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.
"Жапонияға барған сапарымда сізді императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін", - деді мемлекет басшысы.
Айта кетейік, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби сумо шебері жақында Астанаға келген еді.