Басты жаңалықтар

«Жақ сүйегі қисайып, бітіп кеткен»: Жамбыл облысында соққыға жығылған сарбаздың ата-анасы ұлдарын екі апта пәтерде тығып ұстағанын айтады

Жамбыл облысында сарбазды соққыға жығып, жақ сүйегі мен мұрнын сындырған.

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп соққыға жығылған сарбаз дәрігерлердің бақылауына алынды. Ол Алматыдағы әскери клиникалық госпитальге жатқызылған. Жақ сүйегі мен мұрны сынған сарбаздың ата-анасы ұлын әскерилердің екі апта бойы пәтерде тығып ұстап келгенін айтып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Жақ сүйегі темірмен тігілген Есболды көрген туыстары оның әбден қиналғанын айтып отыр. Олар сарбаздың жақ сүйегі қисайып, бітіп кеткенін көріп шошыған. Қазір Отардағы әскери бөлімде болған жағдай бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал ондағы әскери бөлім басшыларына қатысты қызметтік тексеріс басталған. Оқиғаның жай-жапсары анықталғанға дейін мұндағы бірнеше лауазымды қызметкер жұмыстан шеттетіліпті. Қазір үйге қайтуына төрт ай қалған сарбазға күш қолданғандар анықталып жатыр.

Әскери полиция әлімжеттік дерегі жоғарғы басшылыққа дер кезінде хабарланбай, ем шарасы да дұрыс қабылданбаған дейді.

«Жан-жақты тексеріліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», - дейді Гвардейск гарнизоны, әскери полиция бөлімінің бастығы Бақытжан Әбілдаев.