«Сиыр еті кемі 10-12 мың теңге болуы керек»: фермер ет бағасын көтеруді ұсынды
Фермерлер сиыр етінің келісі 10-12 мың теңгеден, қой еті 7 500 теңгеден сатуды ұсынады.
Фермер Жәнібек Кенжебаев сиыр етінің келісі 10-12 мың теңгеден, қой еті 7 500 теңгеден төмен сатылмауы тиіс деп санайды. Айтуынша, бұл аспаннан алынған баға емес, екі жыл бойы бұзауды бағып, бордақылап, қыстан аман алып шыққан еңбектің өтеуі. Алайда олар ет бағасы мұншалықты өссе халықтың қалтасы көтермейтінін де біледі, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
“Сиыр еті кемі 10-12 мың теңге болуы керек. Бірақ бізде балама бар – қой еті, жылқы еті. Жылқы етінің бағасы көп өскен жоқ. Сондықтан бүгінде кем дегенде 15 пайызға жоғары болуы тиіс. Өйткені жылқы еті экспортқа шықпайды. Ал қой еті 7,5 мыңға жуық болғаны абзал”, – дейді мал шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Жәнібек Кенжебаев.
“Әрине, қымбат болса болмайды ғой. Бірақ бір жағынан фермерлерді де түсінуге болады. Бәрі қымбаттап жатыр қазір”, “Дұрыс емес. Халықтың қалтасы көтермейді ғой ондай ақшаны”, “Қымбаттағанға әрине, қарсымын. Бірақ фермерлердің жағдайын да түсінемін”, – дейді қазақстандықтар.
“Былтыр баға өсті. Содан кейін шарықтап кеткен жоқ. Бір деңгейге келді де, тұрды. Өйткені халықтың ақшасы көтермейді. Біз оны түсініп отырмыз. Әрине, халыққа арзан керек. Бірақ ең бастысы – фермерді де ойлау керек. Неге олар өндірген өнімін тегін беруі тиіс”, – дейді “Қазақстан фермерлер қауымдастығы” басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуов.