Қоғам

Алматыда ерекше балалар оқитын мекемені қаржыландыру тоқтатылды: оқушылар мәжбүрлі түрде демалысқа жіберілді

245 ерекше бала білім алатын мектеп қаржыландырылмай, оқушылар демалысқа жіберілді.

Алматыда мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылып, “Академия педагога” жекеменшік мектепте оқитын жүздеген оқушы мәжбүрлі түрде жоспардан тыс демалысқа жіберілді. Ата-аналар баламыз білім алу мүмкіндігінен айырылды деп алаңдап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

“Академия педагога” жекеменшік мектебінде 245 ерекше бала білім алады. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың айтуынша, осы уақытқа дейін білім ордасы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қаржыландырылып келген. Алайда қаңтарда бұл қаржы тоқтатылыпты. Соның салдарынан мұндағы 50 мұғалім де жұмыссыз қалған. Шенеуніктердің айтуынша, қаржыландырудың тоқтауына мектеп ғимаратының құжаттары себеп болған.

“Қызым сөйлей алмайтын, жаза алмайтын, досы да жоқ, Қазір осы мектепке келе, оның досы пайда болды. Әріп те оқимыз, өзіміз отырып жұмыс та істей аламыз. Мен ана ретінде Үкіметтен сұраймын, осы біздің мектепті қаржыландырса екен”, – дейді ата-аналардың бірі Әсемгүл Сұлтанова.

Білім басқармасының мәліметінше, мектеп жеке тұрғын үй ретінде тіркелген ғимаратта орналасқан. Ал мемлекеттік тапсырыс алу үшін нысанның мақсаты білім беру қызметіне сәйкес болуы тиіс. Енді құжаттар талапқа сай рәсімделген жағдайда ғана оқу орны қайтадан қаржыландыру конкурсына қатыса алады. Ал ата-аналар мен мектеп ұжымы жер телімінің нысаналы мақсаты өзгертілгенге дейін оқуын тоқтатпай, балаларға білім беруді жалғастыруға мүмкіндік сұрап отыр.

“Мемлекеттік білім беру тапсырысын алу үшін жекеменшік мектеп орналасқан ғимараттың нысаналы мақсаты білім беру қызметіне сәйкес болуы тиіс. Осыған байланысты “Академия педагога” жекеменшік мектебі қолданыстағы заңнамаға қайшы келетінін хабарлаймыз. Қазір қаладағы 216 мектепте инклюзив білім беру енгізілген”, – дейді Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ ведомство ерекше балаларға арналған 8 арнайы оқу орны жұмыс істейтінін, қажет болған жағдайда бұл мекемелер ерекше балалардың білім алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.