Жетісу облысында 4 жасар ұлын батареяға байлап, ұрған әйел жазаланбайтын болды
Жетісуда баласын аяусыз ұрып-соққан әйелді сот психикалық ауытқуы бар деп таныды.
Жетісу облысында 4 жасар ұлын батареяға байлап қойып, ұрып-соққан әйелге қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өз баласын азаптаған ананың үстінен қозғалған қылмыстық іс Панфилов аудандық сотында қаралды.
Сот 28 жастағы әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарға мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы қаулы шығарды.
“Сот шешім қабылдау кезінде баланың анасына қатысты сараптама қорытындылары негізге алды. Оған мінез-құлқында айқын бұзылыстары бар, күтім мен емдеуді қажет ететін жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылған. Қылмыс жасалған сәтте ол өз әрекеттерінің нақты сипаты мен қоғамдық қауіптілігін түсіне алмаған әрі оларды басқара алмаған. Психикалық жай-күйіне байланысты әйел сот процесіне қатысуға қабілетсіз және өзі мен айналасындағыларға қауіп төндіреді. Осыған байланысты ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, жалпы типтегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеу түріндегі медициналық шара қолданылды”, – деді Жетісу облысы сотының баспасөз қызметінің басшысы Нұрсұлтан Орынбасаров.
Әйелдің екі баласы Талдықорғандағы балалар мекемесіне орналастырылған. Оларға тәрбиешілер мен дәрігерлер қарауда, балалармен психолог пен логопед жұмыс істеп жатыр.
Еске салсақ, Нұркент кентінде баласын батареяға байлап ұрып-соққан әйелдің видеосы желіде тарады. Кейіннен ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.