Қазақстанда оқушылардың мектепте телефон ұстауына тыйым салынды: ата-аналар қарсы шықты
Ата-аналар мектепте оқушыларға телефонды үзіліс кезінде қолдануға тыйым салынбауын қалайды.
Қазақстанда оқушылардың ата-аналары мектептерде телефондарды толықтай тыйым салу идеясына қарсы пікір білдірді. Елде смартфондарды тек сабақ кезінде ғана емес, үзіліс уақытында да пайдалануға шектеу қою ұсынысы талқыланып жатыр. Бұдан бөлек, ережені бұзғаны үшін ата-аналарға айыппұл салу ұсынылады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК-ға сілтеме жасап.
Жетінші сынып оқушысының анасы Лаура Байзакова ұлына жуырда жаңа телефонды дәл мектеп талаптарына байланысты сатып алғанын айтты. Оның сөзінше, мұғалімдер сабақта жиі QR-кодтарды, онлайн тапсырмаларды және оқыту видеоларын қолданады, ал күнделік қазір электронды форматқа көшкен. Сонымен қатар, төтенше жағдайларда ата-аналар үшін балаларымен байланыста болу маңызды.
Ал мектептерде керісінше, гаджеттердің салдарынан балалардың зейіні мен оқу үлгерімі төмендейді деп есептейді. М.Мәметова атындағы №28 лицейдің директоры Айсулу Медетбекова оқушылардың өз бетінше жұмыс істеудің орнына калькулятор мен жасанды интеллектіні жиі қолданатынын, сондай-ақ көпшілігінің көру қабілеті нашарлап, бас ауруына шағымдана бастағанын атап өтті.
Қазіргі таңда сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынған, алайда оларды сақтау тәртібін әр мектеп өзі белгілейді. Депутаттар бұл тыйымды барлық білім беру ұйымдары үшін бірдей етуді ұсынып отыр. Алғашқы құқықбұзушылық үшін ескерту беріледі, қайталанған жағдайда 20 мың теңгеден астам айыппұл салу көзделген.
Оқу-ағарту министрлігі шектеулер балалардың денсаулығын сақтау, алаңдататын факторларды азайту және онлайн буллингтің алдын алу мақсатында енгізіліп жатқанын мәлімдеді. Заң жобасы қазір қаралып жатыр.