Қоғам

Жамбыл облысында сарбаздың жақ сүйегі және мұрны сынған: ауруханадан қашан шығатыны белгілі болды

Әскери қызметшілердің арасында жанжал шығап, жағы сынған сарбаздың жағдайы белгілі болды.

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында жанжал шығып, соққыдан жақ сүйегі сынған сарбаздың қазіргі жағдайы белгілі болды. Қорғаныс министрлігі Есбол Қапардың денсаулығына қатысты ресми ақпарат таратты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.  

Министрліктің ақпаратынша, сарбаздың жағдай жақсы. Қазір ол Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің Әскери-клиникалық госпиталінде оңалту курсынан өтіп жатыр.

«Ауруханаға түскен сәтте оның жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп бағаланды. Госпитальге жатқызылған сарбазды емдеу толық көлемде жүргізілуде. Қазіргі кезде оның хәлі жақсарғаны байқалады. Психологиялық жағдайы да тұрақты, шайнау және ауыз ашу функциялары да жақсарып келеді. Жақында бекітуші шиналары алынады. Сарбаз физиотерапия, дәрумендік терапия, жалпы нығайтушы ем және емдік-дене шынықтыру сабақтарынан өтіп жатыр. Алдағы уақытқа гипербариялық оксигенация сеанстары жоспарланған. Оңалту кезеңі аяқталған соң, әскери-дәрігерлік комиссиядан өтеді», – деді Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатов.

Дәрігердің айтуынша, сарбаз бір ай ішінде ауруханадан шығады. Оған сырқатына байланысты демалыс беріледі. Жазылған соң өз әскери бөлімінде қызметін жалғастырады.

Еске салсақ, Жамбыл облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында жанжал шығып, бір сарбаздың төменгі жақ сүйегі шығып кеткен болатын.