Ерболат Құдайбергенге қатысты оқиға: Алматы полициясы пікір білдірді
Алматы полициясы Ерболат Құдайбергенге қатысты оқиға туралы айтты.
Өткен аптада әлеуметтік желіде "Алматыда полиция қызметкерлері танымал әнші Ерболат Құдайбергенді ұстап, наркология орталығына жеткізгені" туралы ақпарат тараған болатын. Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаға көршілердің шағымы себеп болғанын хабарлады.
"Көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары өзін агрессив ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзып жүрген көршісі туралы айтып, полицияға арызданды. Учаскелік инспектор оқиға орнына дереу барды. Мәлімет расталды: ер адам өзін жайсыз ұстап, агрессия танытып, айналасындағылардың тыныштығына қауіп төндірген", - делінген полиция жауабында.
Осыдан кейін ер адам медициналық тексеруге жіберілген. Сараптама оның психоактив заттар әсер еткенін көрсеткен.
"Медициналық көрсеткіштерді ескере отырып және қайталануы мүмкін құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ол 15 тәулікке мамандандырылған медициналық мекемеге дәрігерлер бақылауына орналастырылды", - деп мәлімдеді полиция.
Сонымен қатар, ұсталған ер адам ӘҚБтК-нің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда:
- азаматтардың тыныштығын бұзу;
- психоактив заттардың әсерінен қоғамдық орында жүру;
- тіркеуде болмау;
- қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу.
Полиция оның бұған дейін де қоғамдық тәртіп бұзғаны үшін жауапқа тартылғанын атап өтті.