«Халатын ашып, омырауын ұстап алған»: Алматыда қызды шошытқан курьер жеті күнге қамауға алынды
Алматыда гүл жеткізуші тапысырс беруші қыздың омырауын ұстамақ болған.
Алматыда гүл жеткізуге барып, тапсырыс беруші қыздың омырауын ұстамақ болған курьер жеті тәулікке қамалды. Зәре-құты қалмаған бойжеткен бейтаныс жігіттің күмәнді әрекетін айтып, әлеуметтік желіде видео жариялаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Бұл жағдай өткен сенбіде болған. Бойжеткеннің айтуынша, өзі тапсырыс берген ауыр гүл себетін дәлізге қоюын сұраған. Алайда курьер қыздың пәтеріне кіріп, әдепсіз қылық көрсеткен көрінеді. Яғни бас салып омырауын ұстамақ болыпты. Үрейленген қыз айқайға басып, оны үйінен қуып шыққан. Кейін 28 жастағы курьер оған телефон арқылы түрлі былапыт сөз айтыпты. Кейін «түсінбеушілік болды» деп ақталып, кешірім сұраған. Жәбірленуші оны жыныстық сипаттағы әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп отыр.
«Әкімшілік кодекстің 434-бабының нормалары бойынша, ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары әкімшілік сотқа жіберілді. Кеше кешке әкімшілік соттың шешімімен бұл азамат кінәлі болып табылып, 7 күнге әкімшілік қамауға алынды. Қазіргі таңда тексеру жұмыстары жүргізілуде», - дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.