Бестеректегі жол апаты: қаза тапқан балалардың отбасы жүргізуші куәлігін бергендердің жазалануын талап етеді
Көлік жүргізушісі аулада ойнап отырған балаларды басып кеткен балалардың отбасы әділдік сұрайды.
Абай облысындағы Бестерек ауылында төрт кәмелетке толмаған балалардың қазасынан кейін туыстары денсаулығы жарамайтын адамға жүргізуші куәлігін бергендердің жазаланғанын талап етіп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап.
“Жауапты қызметкерлер салғырттық танытқан, бірақ өз басқармаларында тек ескерту мен сөгіс алған. Бізге тергеу осынымен аяқталды деп хабарлады. Бұл жай ғана жаба салатын жағдай емес. Ол алты баланы қағып, тура мағынасында басып кеткен. Оның төртеуі қаза тапты, екеуі ауыр жарақат алды”, – дейді жәбірленуші тараптан Ернар Бұланбаев.
Жол апаты салдарынан екі жасар ұлынан айырылған Ернар Бұланбаев пен оның жұбайына сот әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы тағайындады.
Ал жол апатында үш бірдей баласынан айырылған Таңшолпан Каримова мен оның жұбайына әрқайсысына 15 миллион теңгеден моральдық шығын, сондай-ақ 336 мың теңге материалдық шығын және әрқайсысына 200 мың теңгеден өкілдік шығын өтеу белгіленді.